Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың соңғы матчтардағы нәтижелеріне байланысты команданың жұмысын жан-жақты сараптауға кіріседі. Бұл туралы Федерацияның Бас хатшысы Скотт Манн өзінің арнайы бейнеүндеуінде хабарлады.
Ол жанкүйерлердің наразылығы түсінікті екенін айтып, соңғы ойындардағы көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін мойындады.
"Федерация өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сіздердің реніштеріңіз орынды, соңғы ойындардағы көрсеткіштердің сын көтермейтінін де біліп отырмыз", - деді Скотт Манн.
Федерация қазіргі жағдайға нақты баға беру үшін енді ұлттық құраманың жұмысына қатысы бар барлық құрылымның қызметін сараламақ.
"Бапкерлер штабынан бастап, ойыншылар, техникалық қызметкерлер мен ұлттық құрамалар бөлімінің жұмысын жан-жақты сараптау өте маңызды. Біз жағдайға қатаң әрі әділ баға беріп, жедел әрі нақты шешімдер қабылдауымыз керек", – деді ол.
Федерация өкілінің айтуынша, ұлттық құраманың алдында әлі екі кездесу тұр. Сондықтан негізгі міндет – осы матчтарға тыңғылықты дайындалып, нәтижені жақсарту.
"Елдің, федерацияның және сіздердің алдарыңызда құрама намысын абыроймен қорғау үшін барымызды салуға тиіспіз", – деді бейнеүндеуде Федерация бас хатшысы.
Қысқа және ұзақ мерзімде нәтиже жақсарту үшін қандай нақты қадамдар жасалатыны алдағы апталарда жарияланбақ.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы кездесулерде бірде-бір рет жеңіске жетпеді.
FONBET-тің барлық жаңа қолданушыларына 50 000-ға дейін сыйлық: https://fnbt.link/8ae9e
21+, «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» РММ 31.08.2021 жылы берген № 21025302 лицензиясы негізінде әрекет етеді.