Альваро Каррерас — «Реалдың» жаңа ойыншысы

Альваро Каррерас — «Реалдың» жаңа ойыншысы
ашық дереккөзден

Ол сол қапталда ойнайтын әмбебап қорғаушы ретінде танымал.

Мадридтік «Реал» қорғаушы Альваро Каррераспен келісімшарт жасасқанын ресми түрде хабарлады. 22 жастағы испандық футболшы үшін клуб «Бенфикаға» 50 миллион еуро төлейді. Каррерас жаңа командасымен 2031 жылдың 30 маусымына дейін келісімге қол қойды.

Альваро алғаш рет «Реал» жүйесіне 2017 жылы «Депортиводан» ауысқан. Бірақ бір жылдан кейін еркін агент ретінде Англияға аттанып, «Манчестер Юнайтедтің» академиясына қосылды. Одан соң бірнеше клубқа жалға берілді: «Престон», «Гранада» және «Бенфика». 2024 жылы португалиялық команда оны 6 миллион еуроға толықтай сатып алған еді.

«Бенфика» сапында Каррерас 68 матч өткізіп, 5 гол соғып, 6 нәтижелі пас берген. Ол сол қапталда ойнайтын әмбебап қорғаушы ретінде танымал.