УЕФА президенті Александер Чеферин кейбір төрешілік шешімдерді түсінбейтінін айтты.
«Кейде жанкүйерлер бірдей эпизодтардың неге әр матчта әртүрлі бағаланатынын түсінбейді, мен оларды түсінемін. Шынымды айтсам, өзім де енді ештеңе түсінбеймін. Мысалы, қолмен ойнау жағдайын алайық — бұл пенальти ме, жоқ па, әдейі болды ма… Мұны қалай анықтауға болады? Сен психиатр емессің ғой! Біз төрешілерге шешімді алаңдағы төреші қабылдайтынын түсіндіруге тырысамыз. VAR тек айқын әрі анық қате болған жағдайда ғана араласуы тиіс. Ал араласу уақыты қысқа болуы керек, кейде Ла Лига немесе Англия Премьер-Лигасы матчтарындағыдай эпизодты қарауға 10-15 минут қосымша уақыт берілмеуі керек», — деп келтіреді Чефериннің сөзін Footmercato.
Бұған дейін «Барселона» президенті Жоан Лапорта Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы мадридтік «Атлетико Мадрид» командасына қарсы қарымта матчтағы (1:2) бас төреші Клеман Тюрпеннің жұмысына наразылық білдіру үшін Чеферинге тікелей қоңырау шалғаны хабарланған.