Мақалалар ХК «Барыс» Серіктес«Барыс» ХК
KZ RU
Платформа қалай жұмыс істейді

Резиденттер матчтарға болжам жасайды, жүйе нәтиже шыққанда болжамды өзі есептейді. Ұпай мен пайда резиденттің бетінде жиналады.

Лентада кез келген қатысушы жаза алады, «@» арқылы резидентті белгілеуге болады.

Резиденттер рейтингі Болжамдар лентасы

«Ойында да, жүйеде де өзгерістер болады»: Арутюнян – «Мьельбюге» қарсы дайындық туралы

Алматылық «Қайраттың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Жора Арутюнян матч алдындағы баспасөз мәслихатында УЕФА Конференция лигасы жалпы кезеңінің төртінші туры аясында швециялық «Мьельбюге» қарсы өтетін кездесу туралы пікір білдірді.

Алихан Ибраев
Автор ·
5 минут оқу
«Ойында да, жүйеде де өзгерістер болады»: Арутюнян – «Мьельбюге» қарсы дайындық туралы
Сурет: ашық дереккөздерден

Сырт алаңдағы ойынның артықшылығы

«Сырт алаңда ойнау кейде жеңілірек. «Аталанта» секілді деңгейі жоғары қарсыластардың өзі кейбір сәттерде ойынға толық дайын болмай шығуы мүмкін. Біз осыны пайдаланып, қорғанып, гол соғуға мүмкіндік алдық. Алайда матчтың соңында олар негізгі ойыншыларын алаңға шығарып, қысымды күшейтті. Нәтижесінде кездесу 1:1 есебімен аяқталды.

Үйдегі ойындарда жауапкершілік әлдеқайда жоғары. Трибуналар толады, жақындарымыз келеді. Мұның бәрі футболшыларға әсер етеді. Алдағы екі матчта осы жағдайды түзетуге тырысамыз», – деді маман.

«Қайрат-Жастардан» негізгі командаға ауысу туралы

«Қайрат-Жастардағы» басты міндетім – жас футболшыларды негізгі командаға дайындау болды. Сондықтан бірінші командаға келгенде ешқандай қиындық сезінбедім. Еркін Тапаловтан басқа қазақстандық ойыншылардың барлығы дерлік «Қайрат-Жастар» жүйесінен өтті. Кейбірімен балалар немесе ересектер академиясында бірге жұмыс істедік, ал енді біреулері ойын тәжірибесін жинау үшін дубльге қосылды. Жігіттер команданың талаптарын жақсы біледі. «Аталантаға» қарсы матчта олардың жоғары деңгейдегі кәсіби футболшылармен тең дәрежеде бәсекелесе алатынына көз жеткіздік», – деп атап өтті ол.

Чемпионат аяқталғаннан кейінгі ойын тәжірибесі

«Қазақстан чемпионатының аяқталып, қарсыластарымыздың біріншілігі әлі жалғасып жатқаны біз үшін белгілі бір қиындық туғызады. Қазір еліміздің барлық клубтары демалыста, сондықтан ойнайтын қарсылас табу оңай емес. Қыркүйекте Қырғызстаннан командалар келген еді, бірақ олардың да чемпионаты аяқталды.

Біз екіжақты матч өткізіп, оны ресми кездесуге барынша жақындатуға тырыстық. Төрешілер шақырылып, сары және қызыл қағаздар көрсетілді. Ойын жақсы қарқында өтті, бұл футболшыларға көмектеседі деп ойлаймын.

Жігіттер өздерін қалай дайындау керектігін біледі. «Аталанта» мен ұлттық құрамалардағы үзілістен кейін командада жеңіске деген құлшыныс жоғары. Барлығымыз «Қайраттың» еурокубоктардың жалпы кезеңіндегі алғашқы тарихи жеңісіне қол жеткізгенін қалаймыз», – деді бапкер.

«Мьельбюге» қарсы құрам мен тактикадағы өзгерістер

«Бапкерлер штабы үшін үйдегі матчқа дайындық сырт алаңдағы кездесуден еш айырмашылығы жоқ. Қарсыласты бұрынғыдай жан-жақты талдаймыз. Ертең бәрін көресіздер. Дегенмен «Аталантаға» қарсы ойынмен салыстырғанда құрамда да, тактикалық схемада да өзгерістер болады.

Бергамода қорғаныста жақсы өнер көрсеттік, бірақ шабуылда қиындықтарға тап болдық. Енді алдыңғы шепте нәтижелі әрі сапалы ойнауға тырысамыз», – деді ол.

Қарсыластың тығыз қорғанысын бұзу мәселесі

«Тығыз қорғанысты бұзу – көптеген команда үшін күрделі міндет. «Барселона» мен «Реал» да мұндай қиындықтарға тап болады. Мұның бәрі ойыншылардың шешім қабылдау сапасына байланысты.

Біз төмен қорғаныста ойнаған кезде «Аталанта» да шабуылда қиындық көрді. Жоржиньоның оралуын күтіп отырмыз деген түсінік болмауы керек. Ол – біздің көшбасшымыз, бірақ мұндай міндеттерді шешуге қабілетті басқа футболшылар да бар», – деп түсіндірді маман.

Маман қазақстандық клубтардың еурокубоктағы болашағы жайлы да пікір білдірді:

«Келесі маусымда жалпы кезеңде неге үш емес, тек екі қазақстандық команда ойнауы керек? Бізде әлеуеті жоғары клубтар бар, чемпионаттың деңгейі де өсіп келеді. Мұны өткен маусымның өзі көрсетті.

Жақын болашақта бірнеше қазақстандық клубтың еурокубоктардың жалпы кезеңіне шығуы әбден мүмкін. Егер күзде бірнеше команда халықаралық турнирлерде өнер көрсетсе, чемпионат аяқталғаннан кейін өзара спаррингтер ұйымдастыруға да болады», – деді ол.

Айта кетейік, «Қайрат» пен «Мьельбю» арасындағы Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші тур матчы 26 қараша, бейсенбі күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Кездесу Астана уақытымен 20:30-да басталады.

Пікірлер (0)

Клубтардың ресми серіктесі

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 03.03.2025 ж. № KZ93VPY00113785 тіркеу куәлігін берді.

© 2026 «Fonteam» ақпарат агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған. Кез келген материалды көшіріп жариялау кезде Fonteam.kz сайтына тікелей сілтеме жасалуы тиіс.