Қайрат Нұрдәулетов: "Ұлттық құраманы баптауға дайынмын"
«Жетісу» клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов Қазақстан құрамасын жаттықтыруға дайын екенін жеткізді.
45 жастағы маманның айтуынша, бұған дейін ҚФФ-дан тек Әли Әлиевтің көмекшісі болу туралы ұсыныс түскен екен.
«Осыған дейін Әли Әлиев бас бапкер болған кезде хабарласып, «ассистент болып келесің бе?» деген ұсыныс жасады. Одан кейін ешкім байланысқа шықпады.
Қазір ұлттық құраманың бас бапкері болуға дайынмын. Қорқатын түгі жоқ. Жасымыз 45-ке келді. «Әлі ерте екен, әлі өскен жоқпын, ананы көрген жоқпын, мынаны көрген жоқпын» деп айтудан шаршадым.
ҚФФ-дан бас бапкер болу туралы ұсыныс түскен жоқ. Тек көмекші лауазымын ұсынды, ал мен одан бас тарттым. Бұған дейін «ұлттық құраманы егде жастағы мамандар жаттықтырып, жас бапкерлер көмекшісі болу керек» деп айтқан едім. Ол жақтағы тәжірибе мүлдем бөлек. Мен жастар құрамасында жұмыс істедім. Ол жердегі деңгей бірден білінеді. Ұлттық құраманы жаттықтыру кез-келген бапкердің арманы. Мен сол сәтке жетемін бе, жоқ па, білмеймін. Егер мүмкіндік беріліп жатса, істеу керек. Өйткені командадағы жігіттердің бәрін білемін. Кезінде жастар құрамасында менің қол астымда өнер көрсетті. Ойыншылардың деңгейін, қалай сөйлесу керектігін де білемін.
Ұлттық құрамаға келсем, бапкер ретіндегі абыройым түсіп қалады, сәтсіз тәжірибе болады» деп айта алмаймын. Бұл да менің резюмеме жақсы бір жұмыс ретінде енеді», – деді Нұрдәулетов «Соққы және гол» арнасындағы подкастта.
Сондай-ақ Қайрат Жұмабекұлы Қазақстан құрамасына келіп жатса, көп жалақы сұрамайтынын ашық айтты:
«Талғат Маруаұлы секілді ұлттық құрамада тегін жұмыс істеймін деп айта алмаймын. Алтын қасықпен туылған адам емеспіз. Артымызда бала-шағамыз, жанұямыз бар. Әрине, Еуропадан келген бапкерлер сияқты көп сұрамаймыз, өмір сүруге жететіндей, қазіргі «Жетісудағыдай» жалақы ұсынса болды. Әр адамның еңбегі бағалану керек».
Қазақстан құрамасын Ұлттар лигасы кезінде жаттықтырған Джон ван’т Скип қызметінен кетті. Қазір ҚФФ басшылығы бұл лауазымға жаңа бапкер іздеп жатыр.
Қайрат Нұрдәулетов осы маусымда «Жетісуды» жаттықтырды. Оның талдықорғандық клубпен келісімшарты қараша айының соңында аяқталады.
Пікірлер (0)
Ең сенімді букмекер
нұсқасы бойынша
Толығырақ