Ресми: ҚФФ даулы матчтың төрешілерін шеттетті

Ресми: ҚФФ даулы матчтың төрешілерін шеттетті
ашық дереккөзден

Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) төрелік және инспекция департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру Премьер-лиганың 16-турындағы «Туран» – «Қызылжар» матчының даулы сәттері бойынша түсініктеме берді. Бұл туралы KFF.kz сайты хабарлады.

ҚФФ Интегрити офицерінен түскен мәліметтер мен қоғамда қызу талқыланған эпизодты зерттеу нәтижесінде мынадай шешім қабылданды:

“Матчтың 84-минутындағы пенальти белгіленген сәтте «Туран» қорғаушысы қарсыласын екі қолымен ұстаған. Бірақ шабуылшының реакциясы — әдейі асыра көрсетілген құлау әрекеті (симуляция) — бұл жағдайға сәйкес келмеген.

Эпизодта пенальти белгілейтін кейбір белгілер болса да, оңтайлы шешім — 11 метрлік айып добын бермеу еді.

Бас төреші Тимур Кумашев пен VAR төрешісі Георгий Чеховскийдің эпизодқа кәсіби баға бере алмағаны және өзара байланыс деңгейінің төмендігі анықталды.

Сонымен қатар, Тимур Кумашев бұған дейін Интегрити офицерінің ұсынысымен бір айға уақытша шеттетілген. Георгий Чеховскийге қатысты да тексеріс жүргізіліп жатыр.

ҚФФ төрелік жүйесіне деген сенімді сақтау және оның беделін қорғау мақсатында:

— Тимур Кумашев 2025 жылғы маусым соңына дейін ҚФФ аясындағы ойындарға төрешілік ету құқығынан айырылды;
— Георгий Чеховский де 2025 жылғы маусым соңына дейін барлық ойындардан шеттетілді.

Аталған төрешілерге қатысты келісілген матчтарға қатысу күдігімен тергеу жалғасып жатыр”, – деп жазды KFF.kz.