Мұндай шешім клуб иесінің екі түрлі командаға иелік етуіне байланысты қабылданған
УЕФА Англияның «Кристал Пэлас» клубын 2025/26 жылғы маусымда Еуропа лигасына қатыстырмау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында хабарланды.
Мұндай шешім клуб иесінің екі түрлі командаға иелік етуіне байланысты қабылданған. Атап айтқанда, америкалық инвестор Джон Текстор «Кристал Пэластан» бөлек, Францияның «Лион» клубының да иесі болып табылады. Екі клуб та жаңа маусымда Еуропа лигасына жолдама алған.
Алайда УЕФА регламенті бойынша бір адамға тиесілі екі клуб бір турнирде бақ сынай алмайды. Сол себепті Еуропа лигасында «Лион» ойнайды, ал «Кристал Пэлас» Конференциялар лигасына жіберіледі.
Айта кетейік, «Кристал Пэлас» АПЛ-да 12-орын алғанымен, Англия кубогының жеңімпазы ретінде Еуропа лигасына жолдама иеленген болатын. Клуб УЕФА шешіміне қарсы Спорттық арбитраж сотына шағымдануға құқылы.