«Біздің клубтың тарихында өрлеу мен құлдырау көп: бірде бірінші лигада жүрсе, бірде ҚПЛ жүлдегерлерінің қатарынан көрінеді. Өткен жылы «Ақтөбе» чемпиондыққа үміткер болса, биылғы маусымның басы сәтсіз боп қалды. Бұл клубта жүйеліліктің жоқтығын көрсетеді. Бірақ басшылар үнемі ауысып жатса, нақты басқару стратегиясы қайдан қалыптасады?
Межесі 5 жыл болмаса да, ең кемі 3-4 жылдық жоспарға сүйену керек деп ойлаймын: негізгі құрамды дамыту, жастарды тарту... Тек содан кейін ғана нәтиже талап етуге болады. Ал бапкерлерден бастап ойыншыларға дейінгі кадрлардың тоқтаусыз ауысуынан еш пайда жоқ. Командаға өркендеу тілеймін, бірақ қазіргі өзгерістер жақсылыққа әкелетініне сенімді емеспін», – деді Морозов.
Тоғыз турдың қорытындысы бойынша «Ақтөбе» премьер-лига кестесінде жетінші орында тұр. Өткен жылдың басынан бері клуб төрт бапкерді және үш рет басқарма төрағасын ауыстырды.
UFC-дің ең жеңіл салмақтағы экс-файтері Сергей Морозов 19 жасқа дейін «Ақтөбе-Жас» сапында өнер көрсеткен. Соңғы айларда ол «ақ-қызылдардың» матчтарына тұрақты түрде барып жүр.