«Ақтөбенің» экс-қорғаушысы Габи Кики ASnews.kz сайтына берген сұхбатында «ақ-қызылдармен» қоштасуының шынайы себебін және «Крылья Советовқа» ауысуына кедергі болған дерт туралы баяндап берді.
«Шынымды айтсам, маған команда ұнайтын, мен клубқа адал болдым. Өткен маусымның басында денсаулығымда көптеген қиындықтар туындады, оны шешу ұзаққа созылды. Бұл күтпеген жағдай еді. Ал қатарға қосылған соң әдеттегідей ойнай бастадым.
«Ақтөбемен» келісімшартта кез келген уақытта кете алатыным туралы тармақ болды. Бірақ мен кетуге асыққан жоқпын – керісінше, басшылыққа керек болмай қалдым. Олар агентіме жаңа клуб іздеуді тапсырды. Өз еркіммен ешқашан қашпас едім», – деді камерундық футболшы.
«Жанкүйерлермен қоштасып үлгермедім де, бәрі мені сатқын деп ойлады. Бірақ бәрі керісінше болды: мен қалғым келді, бірақ агентім «Крылья Советовпен» келісіп қойған соң кетуге мәжбүр болдым. Мені іс жүзінде есіктен теуіп шығарып жіберді.
Жанкүйерлердің маған көрсеткен махаббаты үшін алғысым шексіз. Мұны ұмыту мүмкін емес. Әлі күнге дейін «Ақтөбеге» тілеулеспін, бүкіл қала абыройы үшін олардың чемпион болғанын қалаймын».
«Ресейде ауру анықталған соң Ақтөбеге оралып, бір айға жуық сонда болдым. Қазақстанда емделемін деп ойладым, бірақ басшылар менімен кездесуге де жарамады. Базадан қуып шығып: «бізден аулақ жүр» деді. Бұл сұмдық емес пе?
Бұрынғы командаластарыммен көріспекші болып едім, бірақ маған «бүкіл командаға ауру жұқтырасың» деді (күледі). Мені адам ретінде көрмей, лақтырып тастады. Әрине, өте өкінішті жағдай болды. Кім екенін атамай-ақ қояйын – Алла таразыласын.
Дерек: ASnews.kz анықтағандай, Кикиден В гепатиті табылған. Бұл бауырдың инфекциялық ауруы, ол сілекей немесе ауа арқылы жұқпайды және емдеуге келеді.
Сол сәтте футболмен қоштасқым келді, бірақ отбасым тоқтатты. Жеке хабарламаларда хейтерлер мені «ақшаның құлы», «жәл*птің баласы», «маймыл» деп балағаттады, тіпті инстаграмымды өшіруге мәжбүр болдым. Мен – иманды адаммын, сондықтан бәрін кешіріп, алға жылжимын».
2025 жылдың қыркүйегінен бастап Габи Кики Ирак жоғары дивизионындағы «Захо» клубында ойнайды. «Ақтөбе» сапында 36 матч өткізіп, Қазақстан Кубогын иеленді. Бұған дейін ол «Манчестер Юнайтед» пен «Ромаға» қарсы Еуропа лигасында өнер көрсеткен.