«Арсеналдың» бұрынғы жартылай қорғаушысы және Нидерланд жастар құрамасының мүшесі Насер Баразит ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Дастан Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуы туралы пікір білдірді.
«Жастарға, әсіресе Сәтпаев сияқты дарындыларға қолдау көрсету әрқашан жағымды. Оның 17 жасында мұндай жетістікке жетуі таңғалдырады, бірақ «Челсиге» ауысу – жолдың соңы емес, тек бастамасы. Мен де «Арсеналда» осы жаста дебют жасағанмын, сондықтан бұл серпілістің қаншалықты үлкен екенін білемін.
Лондон – тек қана футбол емес. Онда сені көңіліңді бөлетін факторлар, қысым, ақша, назар және бапкердің күтуі – бәрі бірден қоршайды. Көптеген болашағы зор ойыншылар осылай құрдымға кетті, сондықтан Дастанға кеңесім: футболға ғана құмар болып қал».
«Ешкім қарап тұрмаған кезде де футбол сенің басты басымдығың болуы керек. Бұл деңгейде «гауһар тастар» көп, бірақ тұрақты ойыншылар ерекше бағаланады. Ал тұрақтылық алаңнан тыс жерде басталады: тәртіп, ұйқы, қалпына келу, тамақтану.
Сондай-ақ достарды таңдау маңызды. Сәтпаевтың қасындағы адамдар оның мансабын не сақтап қалады, не құртады. Топ-клубта оның қосалқы құрамда қалып, өзіне күмәнданатын сәттері болады – бұл қалыпты жағдай. Бастысы – еңсені түсірмеу.
Кішіпейіл, бірақ сенімді болу керек. Басқаларды құрметте, бірақ «мен «Челсиге» лайық емеспін» деп уайымдама. Ол Қазақстаннан осындай деңгейге жеткенінен күш алуы тиіс. Бәлкім, бұл жігіт тұтас бір ұрпаққа шабыт беретін шығар?».
«Сәтпаевтың күніне бес уақыт намаз оқитынын айтады, демек оның бойында тәртіп пен ішкі күш бар. Бәріне бірдей ұнай алмайтынын ұмытпасын – Жаратушының ризашылығына ұмтылу керек. Мүмкін, біреулер оның сәтсіздігін күтіп жүрген болар. Бұл – футбол.
Сондықтан бапкерлерді тыңдап, артық шуға мән бермеу керек. Шынымды айтсам, әлеуметтік желілерден мүлдем алшақтауға да болады (күледі). Алла Дастанның ісін оңға бастасын. Оған бар жақсылықты тілеймін», – деді 35 жастағы нидерландылық.
«Арсенал» түлегі Насер Баразит лондондық клубта Арсен Венгердің тұсында дебют жасаған. Сондай-ақ жартылай қорғаушы «Монако» сапында ойнап, 2012/13 маусымында Лига 1-ге жолдама алған.
Дастан Сәтпаев Қазақстандағы соңғы айларын өткізуде. «Қайраттың» және Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы жазда «Челсидің» қатарына қосылады. Осы маусымда ол ҚПЛ-дың сегіз матчында үш гол соғып, екі нәтижелі пас берді.