«Ақтөбенің» бұрынғы қорғаушысы Габи Кики ASnews.kz сайтына берген сұхбатында «ақ-қызылдардың» жаңа спорттық директоры Важа Тархнишвили туралы пікір білдірді.
«Мен Тархнишвилиді жақсы танимын. Мен үшін ол – өз сөзінде тұратын адам. Жұмыстан тыс уақытта өте сыпайы, бірақ іске келгенде жауапты әрі салмақты кәсіби маман. Оның тұсында «Шериф» айтарлықтай жетістіктерге жетті: бірнеше рет чемпион атанып, еурокубоктардың топтық кезеңінде ойнады. Важа «Ақтөбеге» алға қойған мақсаттарына жетуге көмектеседі деп ойлаймын», – деді Кики.
Еске сала кетейік, камерундық орталық қорғаушы Габи Кики Важа Тархнишвилимен бірге молдовалық «Шерифте» жұмыс істеген. 54 жастағы функционердің басқаруымен клуб қатарынан сегіз рет чемпион атанып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынады.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Ақтөбе» құрамы 8,55 млн еуроға бағаланып отыр – бұл чемпионаттағы төртінші көрсеткіш. Дегенмен, Штефан Тарковичтің шәкірттері турнир кестесінде 10-орында тұр.