«Қайрат» клубының қожайыны Қайрат Боранбаев қазақстандық қақпашы Александр Заруцкийдің алматылық ұжымнан кетуіне қатысты пікір білдірді.
Сашамен жақсы қоштастық. Оны қуып жіберді деген жаңсақ пікірлер айтылуда. Онымен келісімшартты ұзарту бізге де, оған да тиімсіз болды. Қос тарап үшін де ақшаның маңызы ерекше болды. Бізде жалақыға қатысты белгілі шектеулер бар.
Оның матчтан кейінгі әрекетін көрдіңіздер ме? Жанкүйерлермен қоштасты, киім ауыстыратын бөлмеге кіріп, бізбен қоштасты. Біз оған сәттілік тіледік. Бұл оның мәдениетті адам екенін көрсетеді.
Саша біз үшін маңызды ойыншы болды. Онымен бірге Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде тәп-тәуір өнер көрсеттік. Өкінішке орай, жарақат алып қалды.
Ол ұзақ уақыт бойы «Астанада» екінші қақпашы рөлінде болып, алаңға көп шықпай жүрді. Ал «Қайрат» оны шақырып, негізгі қақпашы етті. Яғни оны біздің клуб ашты», – деді Боранбаев Заmandas подкастына берген сұхбатында.
Былтырғы маусымда «Қайраттың» намысын қорғаған Заруцкий осы жылы «Ақтөбеге» ауысты. Биылғы маусымда тоғыз ойынға қатысып, екеуінде қақпасына гол өткізбеді.