Қазақстан Премьер-Лигасының сегізінші турының алғашқы матчында петропавлдық «Қызылжар» мен көкшетаулық «Оқжетпес» кездесті.
Ойын «Қарасай» стадионында өтті. Кездесуге Атыраудан келген Руслан Сұлтанғалиев бастаған төрешілер бригадасы қызмет көрсетті.
Командалардың бастапқы құрамдары: «Қызылжар»: Челядник, Соколенко, Керімжанов, Сламбеков, Гомис, Макаренко, Пищевич, Краишник, Мульдинов, Бугре, Бьорталид; «Оқжетпес»: Лобанцев, Кузьмичев, Де Ассунсау, Лотоцкий, Совпель, Мұхаметханов, Бурибаев, Абдуманнонов, Васильев, Бородин, Жангылышбай.
Алаң иелері ойын тізгінін ұстағанымен, қауіпті сәттерді аз жасады. Екінші таймның басында Неделько Пищевич тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Соған қарамастан, петропавлдықтар аз құрамда да шабуылдауға тырысты. Алайда матчтың соңына қарай Абинур Нұрымбеттің алыстан тепкен добы қақпаға дәл тиіп, есеп ашылды — 0:1.
Осылайша, «Оқжетпес» 15 ұпай жинап, турнирлік кестеде үздік үштікке көтерілді. Ал «Қызылжар» 11 ұпаймен кестенің жоғарғы бөлігінде қалды.
«Қызылжар» — «Оқжетпес» 0:1 (0:0)
Гол: Нұрымбет 81 (0:1)
Қызыл қағаз: Пищевич 48.