Қазір құрама жоспар бойынша дайындалып жатыр. Жаттығулар жақсы қарқынмен өтуде, 20 сәуірден бастап толыққанды оқу-жаттығу жиынын бастадық. Алдағы күндері тағы бірнеше ойыншы қосылады деп күтіп отырмыз. Бірінші матч Пәкістан құрамасына қарсы өтеді. Қазіргі таңда ешқандай мәселе жоқ, бәрі қалыпты. Бапкерлер штабы күн сайын жаттығумен қатар қарсыластардың ойындарын қарап, талдап жатыр. Бұл турнирде үш ойын өткізетіндіктен біз үшін маңызды.
Құраманың басым бөлігі ҚФФ Академиясының ойыншыларынан жасақталды. Сонымен қатар, «Шахтер», «Астана» және оңтүстік өңірдегі командалардан да футболшылар шақырылды. Тіпті, Германиядағы «Магдебург» пен Испаниядағы «Сан Кугат» клубтарынан да ойыншылар бар. Жалпы, бізге керек ойыншылардың барлығына шақырту жіберілді.
Бірақ кейбір футболшылардың келмеуі мүмкін екенін де алдын ала ескердік. Себебі бұл матчтар FIFA күнтізбесінен тыс уақытта өтеді. Сол үшін құрамда «Қайраттың» ойыншылары жоқ. Олар қазір Швейцария мен Санкт-Петербургтегі турнирлерге дайындалып жатыр. Бапкерлер олардың жүктемесін есепке алып, басқа ойыншыларға мүмкіндік беруді жөн көрді.