Жақын матчтар
Рафаэль Надаль мадридтік «Реалдың» басшылық қызметіне тағайындалды
Мадридтік «Реал» испаниялық теннис аңызы Рафаэль Надальдың клубтың директорлар кеңесіне тағайындалғанын жариялады. «Корольдік клубты» көп жылдан бері қолдап келе жатқан бұрынғы әлемнің бірінші ракеткасы жаңа қызметіне қатысты пікір білдірді
2024 жылы кәсіби теннис мансабын аяқтаған Надаль әлемдегі ең атақты футбол клубтарының бірінің жұмысына араласуға мүмкіндік алды. Испаниялық теннисші мадридтік «Реалға» деген сүйіспеншілігін ешқашан жасырған емес және талай жылдан бері команданы қолдап келеді. Енді оның клубпен байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Тағайындалуына қатысты пікір білдірген «Үлкен дулыға» турнирлерінің 22 дүркін чемпионы бұл қызметті тек мойындау ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын атап өтті.
«Мен үшін бұл — зор қуаныш. «Реалдың» директорлар кеңесінің мүшесі болу — үлкен жауапкершілік. Бұл клубқа деген махаббат ата-анадан балаға беріліп, адамдарды біріктіреді. Мен үшін бұл — отбасыммен және достарыммен бірге уақыт өткізіп, матчтарды бірге көруге мүмкіндік. «Реал» Мадридтің әлемдік бренд екенін жақсы түсінемін. Көп нәрсе үйреніп, клубтың әлемдегі ең үздік болып қала беруіне өз үлесімді қосамын деген үмітпен бұл жауапкершілікті қабылдаймын. «Реалдың» табысын әлі талай жыл сақтап қалу үшін жұмыс істеймін. ¡Hala Madrid!» — деді Надаль.
Рафаэль Надаль теннис тарихындағы ең табысты ойыншылардың бірі саналады. Испаниялық спортшы мансабында «Үлкен дулыға» турнирлерінде 22 титул жеңіп алды. Бұл көрсеткіш бойынша ерлер арасында одан тек сербиялық Новак Джокович озып тұр. Кәсіби деңгейде 22 жыл өнер көрсеткен Надаль 1080 жеңіске жетіп, ATP әлемдік рейтингінің көшін 209 апта бойы бастады.
Пікірлер (0)
Ең сенімді букмекер
нұсқасы бойынша
Толығырақ