Алматылық «Қайраттың» және Тринидад/Тобаго құрамасының бұрынғы қорғаушысы Шелдон Бато ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Дастан Сәтпаевтың Еуропаның қай клубында жақсы дамуы мүмкін екенін айтты.
«Мен «Қайраттың» Чемпиондар лигасында жақсы өнер көрсеткенін көрдім. Сәтпаевтың әлеуеті өте жоғары. Өзім Бельгияда ойнағандықтан, жақсы түсінемін: «Челсиге» ауысқаннан кейін оған сол елдің клубтарының біріне жалға бару пайдалы болар еді.
Бельгия чемпионатында жас ойыншыларға мүмкіндік беріледі – олар тұрақты ойын тәжірибесін алады және жеке дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Дастанға дәл осындай орта керек. Оған сәттілік тілеймін», – деді 35 жастағы орталық қорғаушы.
Алматылық клубтың 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев алдағы екі ай ішінде «Челси» клубына қосылады. Ол Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде бес матч өткізіп, онда даниялық «Копенгаген» қақпасына гол соқты (2:3).
Шелдон Бато 2017–2019 жылдар аралығында «Қайрат» сапында 48 матч өткізген. Сонымен қатар, ол Ресейдің «Крылья Советов», Түркияның «Самсунспор», сондай-ақ Бельгияның «Мехелен» мен «Васланд-Беверен» клубтарында өнер көрсеткен.