«Әрине, нәтижеге қатты көңілім қалды. Бірінші таймды нашар бастадық, өзіміз келіскен құрылымда ойнамадық және доп жоғалтқан кезде прессинг жасау міндетін өзіміз қиындатып жібердік. Қарсылас соғылмауы керек голды соқты: біз футболшымен соңына дейін ойнамадық, ереже бұзу немесе допты тартып алуға бару керек еді, ал біз оған соққы жасауға мүмкіндік бердік. Стандарттан соғылған екінші гол – Словакиямен болған матчтағы жағдайға ұқсас.
Екінші таймда біз прессинг пен құмарлықты күшейттік – үзіліске дейін бізге осы жетіспеген еді. Біз бастаманы өз қолымызға алдық, екінші голды соғуымызға да болар еді, бірақ бұл матчта біз бірінші таймда-ақ жеңіліп қалдық».
«Молдованың үлкен күшпен қорғанатынын және бос аймақтар қапталдарда қалатынын білдік. Біз Мрынский мен Вороговскийден допты сол жаққа тезірек жеткізуді сұрадық. Бірақ мәселе жартылай қорғаныста болды. Исламхан мен Оразов кейде позицияларын жоғалтты деп есептеймін, соның кесірінен доп жоғалтқанда прессинг жасай алмадық. Оразов пен Қараман арасындағы байланыстың болмағанымен келісемін – біз тым көп бос аймақ қалдырдық.
Бұл менің бапкер ретіндегі қателігім деп ойлаймын: Молдоваға қарсы шабуылға көбірек ден қойып, жартылай қорғаушыларды шептер арасында орналастырғым келді. Өкінішке қарай, біз бұдан пайда көре алмадық. Екінші таймда ойынды өзгертуге тура келді: алаңға Тапалов шығып, тірек аймағына теңгерім қосты, ал Тұяқбаев сол қапталда көмектесті. Есепті теңестіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық, бірақ футболда сәттілік те қажет, ал бүгін ол бізге жетіспеді».
Турнирлік жағдай мен құраманың деңгейі туралы
«Өз алаңымыздағы жеңілістер мен Словакиямен болған сәтсіздіктен кейін топта жеңіске жету өте қиын болады. Енді біз тек Фарер аралдарымен өтетін ойынға назар аударуымыз керек. Қолымыздан келетін жалғыз нәрсе – жағдайды түзеп, бұл команданың бойында құмарлық пен жеңіске деген жігер бар екенін көрсету.
Біз С дивизионында өнер көрсетіп жүрміз – бұл біздің деңгейіміз. Мұнда А лигасындағыдай өте жоғары класты командалар жоқ, барлық ойындар өте тартысты өтеді: 1:1, 1:2. Өкінішке қарай, бұл жолы біз жеңілген тарапта қалдық».
«Отставкаға кету туралы шақыруларға келсек – оны шешетін мен емес. Жұмысымды жалғастырамын деп үміттенемін. Жеңіске жеткенде достарыңның көп болатыны, ал жеңілгенде олардың жоқтың қасы екені түсінікті жайт. Бұл бапкер жұмысының бір бөлігі.
Біздің чемпионатта шынайы бейінді тірек жартылай қорғаушыларын табу шынымен қиын. Қорғаныс орталығына келсек, Әліп Қасым жарақат алды, сондықтан Темірлан Ерлановты шақырдық. Ол мені қатты таңғалдырды, үш жақсы ойын өткізді және стандарттарда қауіпті – сондықтан Сергей Малый қосалқы құрамда қалды.
Неліктен мен Өміртаев пен Мұртазаевты шақырмадым? Мен жақсы бабында болған Артур Шушеначев пен Рамазан Кәрімовті таңдадым. Кәрімов комбинациялық ойында жақсы және көп көлемдегі қара жұмысты атқарады, ал мұндай деңгейде бұл өте маңызды. Иә, Самородов, Чесноков және Сәтбаевтың жоқтығынан бізге сапа жетіспейді. Біз бұнымен біртұтас команда ретінде күресуіміз керек, бірақ бүгін қолымыздан келмеді».
Еске сала кетейік, Ұлттар лигасының үшінші тур матчы Қазақстан құрамасының Молдовадан 1:2 есебімен өз алаңында ұтылуымен аяқталды. Алаң иелері сапындағы жалғыз допты қорғаушы Нұралы Әліп соқты. Джон ван ’т Схип шәкірттері келесі матчын 6 қазан күні Астанада Фарер аралдары құрамасына қарсы өткізеді.
FONBET-тің барлық жаңа қолданушыларына 50 000-ға дейін сыйлық: https://fnbt.link/8ae9e
21+, «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» РММ 31.08.2021 жылы берген № 21025302 лицензиясы негізінде әрекет етеді.