Қостанайда өткен кезекті турдың негізгі ойындарының бірінде екі гол соғылды.
«Қайрат» жіберіп алған голдан кейін жылдам есін жиып, таразы басын теңестіре алды және турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды. Енді олар семейлік «Елімаймен» бірге көш бастап тұр.
ҚПЛ-дің бесінші турындағы «Тобыл Аренада» өткен орталық матч алаң иелерінің қарқынды қысымымен басталды. Бесінші минутта-ақ Александр Марочкин есеп ашқандай болды, трибуналар қуанышқа бөленді. Алайда қостанайлықтардың қуанышы ұзаққа созылмады — VAR жүйесінің араласуынан кейін бас төреші Александр Затула офсайд тіркеп, голды есепке алмады.
Соған қарамастан, «Тобыл» өз ойынын жалғастырып, 13-минутта дегеніне жетті. Урош Милованович «Қайрат» қорғанысындағы үйлесімсіздікті тиімді пайдаланып, дәл соққымен Темірлан Анарбековтың «құрғақ» сериясын тоқтатты.
Алматылық клуб жіберіп алған голға бірден жауап қайтарды. Арада алты минут өткенде «Тобыл» қорғанысы позициялық қателікке жол беріп, оны Дастан Сәтпаев шеберлікпен пайдаланды. Жас шабуылшы есепті теңестіріп, чемпионаттағы көшбасшылық үшін күрес тұрғысынан маңызды гол соқты.
Екінші таймда екі команда да жеңісті жұлып алуға мүмкіндік алды: қостанайлықтар Миловановичтің күші мен Тағыбергеннің стандарттарына сенім артса, «Қайрат» Эдмилсон мен Жоржиньоның жылдам шабуылдарымен жауап берді. Алайда матчтың соңғы ысқырығы 1:1 есебіндегі тартысты тең нәтижені тіркеді.