Air Charter Service компаниясының 34 жастағы маманы ASnews.kz тілшісіне берген сұхбатында 2026 жылғы Әлем чемпионатының басты сенсациясына айналуы мүмкін командамен қалай жұмыс істеп жатқанын айтып берді.
«Менің чартерлік авиацияда жұмыс істеп келе жатқаныма көп жыл болды. Өзбекстан құрамасымен серіктестік орнатқанға дейін Қазақстан ұлттық құрамасының, «Астана» мен «Тобылдың» әуе сапарларын ұйымдастырдым, сондай-ақ өткен еурокубок маусымында «Қайратпен» бірге жүрдім. Бірінші іріктеу кезеңінен бастап Лондондағы «Арсеналға» қарсы өткен матчқа (2:3) дейін бірге болдық.
Менің де АҚШ-тағы әлем чемпионатына арнайы брендтелген Boeing 787 Dreamliner ұшағымен ұшып келгім келген еді. Өкінішке қарай, визаны басқалардан кешірек алдым, сондықтан Ыстанбұл арқылы Turkish Airlines рейсімен өзім жетуге мәжбүр болдым (күледі).
Біздің бірлескен жұмысымыз қалалар мен елдер арасындағы чартерлік әуе сапарларын ұйымдастырудан тұрады: команда қай жерде болуы керек болса – соған көмектесеміз. Мысалы, кеше ғана Өзбекстан құрамасын Канадамен өтетін жолдастық кездесуге Эдмонтон қаласына шығарып салдым», – деді Биарыстанов.
«Алғашқы күні-ақ жаттығуға бара жатқан жолда Абдуқодир Хусанов пен Элдор Шомуродовты жолықтырып қалдым. Жігіттер өте қарапайым әрі ашық екен, естелікке қуана-қуана суретке түсті. Ал Фабио Каннавароға келетін болсақ, ол өте талапшыл, кәсіби маман ретінде әсер қалдырды.
Әсіресе логистика мәселесіне келгенде: италиялық маманның талабы бойынша бәрі ешқандай кешігусіз, дәл кесте бойынша жұмыс істеуі керек, ал ұшақ ішіндегі тамақ міндетті түрде спорттық стандарттарға сай болуы тиіс. Қалай дегенмен де, әлемдік деңгейдегі командаларды дәл осындай тәсіл ерекшелендіріп тұрады».
«Штаттарда жүрсем де, мен параллельді түрде Қазақстан құрамасына арналған жобалармен жұмысты жалғастырып жатырмын. Қашықтан жұмыс істеу режимінде Армения және Мажарстанға қарсы матчтардың логистикасымен айналысудамын. Біздің мамандықта шекара деген ұғым жоқ десе де болады: қазір сен Солтүстік Америкадағы әуе сапарын ұйымдастырып отырсаң, бірнеше сағаттан кейін Еуропадағы жұмысқа көшесің.
Мундиалдың атмосферасын сезіне отырып, болашақ туралы ойланасың. Бір күні біздің ұлттық құрама да осындай жолдамаға қол жеткізеді деп сенгім келеді. Миллиондаған қазақстандық жанкүйер үшін бұл үлкен мереке, ал мен үшін кезекті кәсіби міндет пен мақтаныш сезімі болар еді. Біздің компания қазірдің өзінде ФИФА-ның авиациялық логистика бойынша ресми жеткізушісі болып табылады».
Еске сала кетейік, Өзбекстан құрамасы К тобында Португалия, Конго ДР және Колумбияға қарсы ойнайды. Команда құрамы 78,73 миллион еуроға бағаланып отыр – бұл Қазақстан құрамасынан (17,35 млн) шамамен 62 миллионға қымбат.
21+, «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» РММ 31.08.2021 жылы берген № 21025302 лицензиясы негізінде әрекет етеді.