Қызылордалық «Қайсардың» бас бапкері Андрей Ферапонтов Қазақстан Премьер-Лигасының 20-туры аясындағы алматылық «Қайратқа» қарсы матч туралы пікір білдірді.
— Бүгін атмосфера жағынан тамаша матч өтті. Ойынның сценарийі де нағыз триллер болды деуге келеді. Нәтижеден басқа, стадионға келген жанкүйерлердің бәріне бұл кездесу ұнады деп ойлаймын. Біз бүгін жеңіліске лайық болған жоқпыз. Меніңше, ел чемпионымен, Лига Чемпиондарында ойнаған командамен кем дегенде тең дәрежеде өнер көрсеттік.
Иә, кей тұстарда жеке шеберлік жағынан, ойын ұйымдастыруда немесе құрам тереңдігінде ұтылып жатқан шығармыз. Бірақ футболшыларды бар күшін салмады деп айыптау қиын. Мүмкін, мұндай командалармен шеберлік тұрғысынан толықтай бәсекелесе алмайтын шығармыз, алайда бүгін алаңда жанкештілік, жеңіске деген ұмтылыс, гол соғуға деген ниет және өз жанкүйерлеріміздің алдында барынша ойнауға деген құлшыныс болды.
Ойын туралы айтсам, ең алдымен стадиондағы керемет атмосфераны атап өткім келеді. Қазақстанда, тек бізде ғана емес, жалпы Шымкентте, Алматыда, Астанада, дәстүрлі түрде Ақтөбеде — көптеген қалаларда футболды ұйымдастыру жағынан алға жылжу байқалады. Жаңа стадиондар пайда болып, әр матч нағыз футбол мерекесіне айналып келеді.
Бүгінгі чемпионға қарсы ойын көп жағынан үлгі болды. Қызылордаға ғана емес, жалпы Қазақстанға стадиондағы атмосфера қандай болуы керектігін көрсетті. 11 мың жанкүйер — толық стадион. Ал матч сценарийі ше: есептелмеген екі емес, тіпті үш гол болды деп айтар едім. Өйткені Мозестің голы неге есептелмегенін толық түсінбедім. Доп қолына тиген шығар, бірақ ол жерде әдейі қолмен ойнау болған жоқ. Қазір ереже бойынша қол мен доптың кез келген жанасуы ереже бұзушылық ретінде қарастырылатынын түсінемін, бірақ 90-минутта мұндай голды есептемеу өте өкінішті.
Әрине, бұл — бапкер ретіндегі эмоцияларым. Төрешілер ереже аясында әрекет етті, бірақ осындай ойында өз қателіктеріміз үшін жазаланғанымыз өкінішті.
Матч алдында «Қайраттың» өте шебер команда екенін айттық. Олар кез келген қатені голға айналдыра алады. Негізі солай болды да. Біз ойынға нашар кірістік, дегенмен қарсыласты агрессивті бастауы мүмкін екенін ескерткенбіз. Олар Лига Чемпиондары матчтарында да бір қорғаушыны алға шығарып, ұзын пастармен ойнап, екінші допқа таласып, қауіпті сәттер жасайтын. Бұл тәсіл тіпті «Реалға» қарсы да жұмыс істеген, өкінішке қарай, бүгін біз де ерте гол өткізіп алдық.
Соған қарамастан, жігіттер сағын сындырған жоқ. Ойнауға тырысты, шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ, өкінішке қарай, оны голға немесе есепке алынған голдарға айналдыра алмадық. Бұл бағытта әлі де жұмыс істейміз.
Қазір бізді өте тығыз кесте күтіп тұр. 10-ы күні сырт алаңдағы матч бар, онда да атмосфера дәл осындай болады. Қазір ең маңыздысы — эмоциялық және физикалық тұрғыда қалпына келу. Осындай ойындардан кейін футболшыларды психологиялық жағынан қайта дайындау қиынға соғады, өйткені олар қатты эмоциялық шаршауға түседі. Енді осы жағдайды келесі матчқа дұрыс бағыттауымыз керек, — деді маман.
Еске салайық, «Қайсар» өз алаңында басым құрамда ойнай отырып, «Қайраттан» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. «Қасқырлар» сапындағы жалғыз голды 71-минутта Айбол Әбікен соқты.