«Атырау» клубының бразилиялық шабуылшысы Энрике Девенс ASnews.kz сайтына берген сұхбатында команданың осы маусымдағы нәтижелері туралы пікір білдірді.
«Біз өте үлкен жұмыс атқарып жатырмыз. Иә, мүмкін «Атыраудың» ойыны аса керемет емес шығар, бірақ көбіне нәтижелі болады. Әр ойыншы алаңда барын салып, 110 пайызбен ойнайды.
Чебуринді адам әрі маман ретінде қатты құрметтеймін. Оның өзіне тән ережелері, идеялары, қағидалары, тіпті мінез-құлқы да ерекше. Біз онымен Литвада бірге жұмыс істегенбіз, ал командадағы басқа жігіттер оны күн өткен сайын жақсырақ түсініп келеді. Біздің бапкер – жеңіске құмар, команда үшін шын жанашыр адам», – деді Девенс.
Сегіз турдың қорытындысы бойынша «Атырау» ҚПЛ турнирлік кестесінде тоғызыншы орында тұр. Владимир Чебурин жаттықтыратын команда небәрі екі рет жеңіліс тапқан. 28 жастағы Энрике Девенстің голының арқасында «мұнайшылар» «Алтайды» 1:0 есебімен жеңді.
Команданың жалпы құны 3,58 млн еуроға бағаланып отыр – бұл чемпионаттағы ең төмен көрсеткіштердің бестігіне кіреді.