«Қайрат» клубының иесі Қайрат Боранбаев кезінде алматылық ұжымда доп тепкен Андрей Аршавиннің қанша жалақы алғанын ашық айтты, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Аршавин «Қайратта» жүрген кезінде жылына 350 мың доллар алды. Бұл айтарлықтай көп емес. Салыстыру үшін айтайын, ҚХЛ-да ойнайтын «Барыс» хоккей клубының бюджеті 25 миллион долларды құрайды. Егер ҚПЛ-дағы барлық клубтардың (тек негізгі команданы есептегенде) бюджеті осындай болса, олар Чемпиондар лигасында, Еуропа лигасында және Конференция лигасында ойнайтын еді», – деді Боранбаев Заmandas подкастына берген сұхбатында.
Сондай-ақ Қайрат мырза алматылық клубтың осы маусымдағы бюджетінің қанша екенін де жасырмады:
«Негізі жылдық бюджетіміз 10 миллион долларды құрайды. Трансферлерді есептегенде 12-15 миллионға дейін барады. Бұл бюджетті негізгі команда, «Қайрат-Жастар», 14-18 жас аралығындағы балалар жаттығатын академия (150 бала), 17 алаң, «Қайраттың» әйелдер командасы және клубтың 14 филиалына (3000 бала) жұмсаймыз. Біз жылдар бойы клубтың экономикалық саясатын ретке келтірдік. Тек негізгі командамен бір маусым ойнап шығу үшін 5 миллион жетіп қалады».
Аршавин 2016-2018 жылдары «Қайраттың» намысын қорғады. 108 матчқа қатысып, 30 гол мен 37 нәтижелі пасты өз атына жазды.