Өскемендік «Алтай» мен жезқазғандық «Ұлытау» Қазақстан Кубогының 1/8 финалы аясында кездесу өткізді.
Ойын Алматы қаласындағы «Хан-Тәңірі» стадионында өтті. Кездесуге Астанадан келген Айдын Тасыбаев бастаған төрешілер бригадасы қызмет көрсетті.
Командалардың бастапқы құрамдары: «Алтай»: Алиакбар, Реджепов, Мичевич, Иванов, Сайлыбаев, Сапарғалиев, Кукеев, Дадаев, Горшунов, Стоисавлевич, Хижниченко;
«Ұлытау»: Закиров, Афанасенко, Мауленов, Чалкин, Анане, Нұрсұлтанов, Данияров, Нурали, Серікқұл, Мұқанбетжанов, Абылайхан.
Ойынның басында Рамазан Абылайхан (12-минут) «Ұлытауды» алға шығарды. Екінші таймда Елисей Горшунов дубль жасап (54 және 64-минуттар), есепті «Алтайдың» пайдасына бұрды. Алайда Максим Чалкин (83-минут) таразы басын теңестіріп, матчты қосымша уақытқа жеткізді.
Экстра-таймда да нәтижелі ойын жалғасты. «Ұлытау» сапында Котаро Киши (95-минут) гол соғып, көп ұзамай алаңнан қуылды. Ал Ораз Сайлыбаев (111-минут) пен Никола Джамбор (119-минут) соққан голдар «Алтайға» жеңіс сыйлады — 4:3.
Осылайша, «Ұлытау» турнирмен қоштасты, ал «Алтай» жарыстың ширек финалына өтті. Келесі кезеңде олар «Ақтөбе» мен семейлік «Елімай» арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.