Бадри Кварацхелия, Пари Сен-Жермен шабуылшысы Хвича Кварацхелиянің әкесі, АПЛ клубтарының қызығушылығы туралы қауесеттер аясында ұлының париждік клубтағы болашағына қатысты пікір білдірді.
«Хвича өте мықты әрі табысты клубта ойнап жүр, онда оны жақсы көреді және сенім артады. Ол — Чемпиондар лигасының қазіргі жеңімпазы әрі биылғы турнирдің жартылай финалисі болып отырған команданың жетекші ойыншыларының бірі. Неге ол ауысу туралы ойлауы керек?! Егер париждік клубтың бізбен жұмысты жалғастыруға деген ниеті жоғалса, біз де кету жайын ойланамыз, бірақ қазір бұл мәселе мүлде талқыланып жатқан жоқ. Франция құрамасының жетекші ойыншыларымен бәсекелестікке қарамастан, Хвича көбіне негізгі құрамда шығады, ал «Пари Сен-Жермен» басшылығы грузиялық футболшының команда үшін таптырмас ойыншы екенін атап өтеді. Иә, Арсенал және басқа да ағылшын клубтарының қызығушылығы туралы жиі жазылады, бірақ ұлым мұндай қауесеттерге мән бермейді. Ол Еуропаның үздік командаларының біріндегі үздік ойыншылардың бірі, оны бағалайды, жақсы көреді, ол ойнап жүр — неге клуб ауыстыру туралы ойлау керек?! Хвича тек команданың мүддесі мен клубқа қалай көмектесу және өз елін таныту жайын ойлайды…» — деп Кварацхелияның сөзін грузиялық Kvirispalitra.ge порталы келтіреді.
Бұған дейін БАҚ-та ойыншыға Арсенал қызығушылық танытып отырғаны хабарланған еді.
Ағымдағы маусымда Кварацхелия барлық турнирде 42 матч өткізіп, 16 гол соғып, 9 нәтижелі пас берген. Ойыншының клубпен келісімшарты 2029 жылдың жазына дейін жарамды. Transfermarkt порталының бағалауынша, Грузия құрамасының ойыншысының нарықтық құны 90 миллион еуроны құрайды.