Беларусь маманы Мирослав Ромащенко Қостанайдың «Тобол» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды команданың баспасөз қызметі.
«Мирослав Ромащенко — “Тоболдың” бас бапкері. Тәжірибелі маман командаға ресми түрде таныстырылды. Мирослав Юрьевич жоғары деңгейде жұмыс істеуде мол тәжірибеге ие. Әр жылдары ол “Томь” мен “Ахматты” жаттықтырды, сондай-ақ Станислав Черчесов бапкерлік штабында қызмет атқарып, Мәскеудің “Динамосында”, Польшаның “Легиясында” және Венгрияның “Ференцварошында” жұмыс істеді. 2016-2021 жылдар аралығында Ресей құрамасының бапкерлік штабында болып, бес жыл еңбек етті. Бапкер ретінде Польша чемпионы атанып, Венгрия чемпионатын екі рет жеңіп алған. “Тоболға” дейін Мирослав Юрьевич “Уралды” жаттықтырып, командамен бірге Бірінші лигада екінші орын алған», — делінген клубтың Instagram парақшасында.
Қазіргі таңда «Тобол» 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде екі ұпаймен 15-орында тұр. Келесі матчта қостанайлық клуб өз алаңында ақтаулық «Каспиймен» кездеседі.