Мақалалар
Fonbet
KZ RU
Платформа қалай жұмыс істейді

Резиденттер матчтарға болжам жасайды, жүйе нәтиже шыққанда болжамды өзі есептейді. Ұпай мен пайда резиденттің бетінде жиналады.

Лентада кез келген қатысушы жаза алады, «@» арқылы резидентті белгілеуге болады.

Резиденттер рейтингі Болжамдар лентасы

Жақын матчтар

«Оқжетпестің» жетістігі – бүкіл Ақмола облысының ортақ жеңісі»: Марат Ахметжанов

Көкшетауда Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымын төртінші орынмен аяқтап, еурокубокқа жолдама алған «Оқжетпес» футбол клубын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Fonteam редактор
Автор ·
4 минут оқу
«Оқжетпестің» жетістігі – бүкіл Ақмола облысының ортақ жеңісі»: Марат Ахметжанов
Сурет: ашық дереккөздерден

Биылғы чемпионат көкшетаулық клуб үшін ерекше болды. Ринат Алюетов жаттықтыратын ұжым 30 кездесуде 16 жеңіске жетіп, қарсылас қақпасына 49 гол соқты және 54 ұпай жинады. Қола жүлдегер атанған елордалық «Астананың» да еншісінде осынша ұпай болды. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша «Оқжетпес» үздік үштіктен тыс қалды.

Соған қарамастан, төртінші орын клуб тарихындағы ең жоғары нәтиже ретінде тіркелді. Көкшетаулықтар турнир кестесінде «Ақтөбе», «Елімай» және «Тобылдан» жоғары орналасты. Ал соңғы турда сырт алаңда «Елімайды» 4:1 есебімен ірі жеңіліске ұшыратты.

Футболшыларды табысты маусыммен құттықтауға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов келді. Өңір басшысы бұл жетістік команданың маусым бойғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

«Бұл жай ғана жоғары нәтиже емес, футбол жанкүйерлерінің басын қосқан нағыз спорт мерекесі. Команда маусым бойы мінез, тәртіп пен жеңіске деген жігер танытып, еліміздің жетекші футбол клубтарымен терезесі тең дәрежеде бәсекелесті. 16 жеңіс пен 49 голдың артында әр футболшының кәсібилігі мен жанкешті еңбегі тұр», – деп келтіреді Марат Ахметжановтың сөзін Ақмола облысының әкімдігі.

Салтанатты шара барысында бас бапкер Ринат Алюетовтың еңбегіне ерекше назар аударылды. Марат Ахметжанов жаттықтырушыға, оның көмекшілеріне, клуб басшылығы мен ойыншыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ команданың дамуына қолдау көрсеткен қоғамдық қордың, аграрлық сала өкілдері мен өңір кәсіпкерлерінің үлесін атап өтті.

«Оқжетпес» үшін маусымның басты нәтижесі еурокубокқа қайта оралу болды. Бұл мүмкіндік 7 қарашада Қазақстан кубогының финалында «Ордабасы» «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңгеннен кейін белгілі болды. Шымкенттік клуб бұған дейін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысу құқығын қамтамасыз еткендіктен, еурокубоктағы қосымша жолдама Премьер-лиганы төртінші орында аяқтаған командаға бұйырды.

2027/28 жылғы маусымда «Оқжетпес» УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. Соңғы рет команда 2009 жылы халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғап, Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде Молдованың «Зимбру» клубымен кездескен болатын.

Алдағы еурокубок маусымы туралы айтқан Марат Ахметжанов бұл жетістіктің бүкіл өңір үшін маңызы зор екенін жеткізді.

«Оқжетпестің» жетістігі – команданың, жанкүйерлердің және бүкіл Ақмола облысының ортақ жеңісі. Бүгінде клубтың алдында жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Қол жеткізілген нәтиже еуропалық аренада өнер көрсетуге жол ашып, атқарылған жұмыстың жоғары деңгейін көрсетеді», – деді облыс әкімі.

Шара барысында Көкшетауда салынып жатқан жаңа стадион мәселесі де сөз болды. Қазіргі уақытта Сарыарқа шағынауданында 10 мың көрерменге арналған футбол аренасының құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс 2026 жылдың сәуір айында басталған. Жаңа нысанды УЕФА талаптарына сай етіп салу жоспарланған.

Болашақта бұл стадион Көкшетауда республикалық деңгейдегі жарыстармен қатар халықаралық футбол кездесулерін де өткізуге мүмкіндік бермек.

21+, «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» РММ 31.08.2021 жылы берген № 21025302 лицензиясы негізінде әрекет етеді.

Пікірлер (0)

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 03.03.2025 ж. № KZ93VPY00113785 тіркеу куәлігін берді.

© 2026 «Fonteam» ақпарат агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған. Кез келген материалды көшіріп жариялау кезде Fonteam.kz сайтына тікелей сілтеме жасалуы тиіс.

21+. Fonbet — «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС, 31.08.2021 ж. берілген № 21025302 лицензия. Заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучинск қ.ә., Щучинск қ., Санаторий Светлый көшесі, 11-үй. Сайт: fonbet.kz