«Окжетпес» клубының бас бапкері Ринат Алюетов Қазақстан Премьер-Лигасының бесінші турындағы «Иртышқа» қарсы (2:1) жеңісті матчтан кейін пікір білдірді.
Біріншіден, айтарым — біз бір аптаның ішінде үш ойын өткіздік. Оған қоса он-он екі сағаттық жол жүрулер болды: Астанаға бардық, одан Қарағандыға, ойнадық — қайта оралдық. Негізі дайындалуға уақыт болған жоқ. Қазір киім ауыстыру бөлмесінде жігіттерге қарап отырмын — кейбіреуінің аяғын құрысу ұстап жатыр. Бұл біздің осы қиын кезеңнен өткенімізді көрсетеді. Жалпы алғанда, барлық міндеттерді орындадық: Кубокта келесі кезеңге өттік, өз алаңымызда жеңіске жеттік.
«Иртыш» — өте жақсы команда. Бұған дейін олар да, біз де жеңілмеген едік. Сондықтан ойын өте қиын өтті, қысым да болды. Бүгін жанкүйерлер бізге керемет қолдау көрсетті. Маған айтқандай, шамамен бес мың адам жиналған. Осындай атмосфера — гол соғылған сәттерде трибуналардың дүркіреуі — бізге үлкен көмегін тигізді. Өйткені футболшы шаршағанда, сырттан қолдау көрсетілсе, ол қосымша күш береді. Тіпті біз гол жіберіп алған сәтте де жігіттерде сенімділік болды, олар ойынды тоқтатпай жалғастыра берді. Үйде бізді тең нәтиже қанағаттандырмайды. «Иртышқа» осындай тартысты ойын үшін алғыс айтқым келеді. Бокс тілінде айтсақ, рингте екі боксшы болады — жеңісті мықтысы алады, — деді Алюетов.
Бес турдан кейін ҚПЛ-2026 турнирлік кестесінде «Окжетпес» 11 ұпаймен үшінші орында тұр. Ал «Иртыш» 6 ұпаймен тоғызыншы сатыда орналасқан.