Қазақстан футбол федерациясы жекелеген клуб өкілдерінің бәсекелестік артықшылыққа ие болу мақсатында төрешілердің жұмысына заңсыз ықпал етуге тырысқаны туралы ақпарат бар екенін мәлімдеді.
Федерацияның хабарлауынша, мұндай ықтимал әрекеттердің біріне қатысты ішкі тексеру жүргізіліп, бір төрешіні футбол жарыстарында жұмыс істеуден мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылданған.
ҚФФ мәліметінше, федерацияда төрешілердің біріне заңсыз ықпал етуге әрекет жасалған болуы мүмкін деген ақпарат бар. Қолда бар деректер мен мән-жайларды қарау нәтижесінде аталған төрешіні футбол жарыстарына қызмет көрсетуден мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылданды. Әзірге төрешінің аты-жөні жарияланған жоқ.
Федерация төрешілерге немесе футбол жарыстарына қатысушыларға қысым көрсету, материалдық сыйақы ұсыну және заңсыз ықпал етудің басқа да түрлеріне қатысты ақпараттарды жинау мен талдауды жалғастырып жатқанын хабарлады.
ҚФФ спорттық нәтижелерді манипуляциялауға қатысты кез келген әрекетке нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын атап өтті. Төрешілерге қысым көрсетуге, ақша ұсынуға немесе беруге, сондай-ақ матч барысына алаңнан тыс араласудың кез келген түріне жол берілмейді. Фактілер расталса, нақты шара қолданылады.
Федерацияға келіп түскен барлық ақпарат мұқият тексерілмек. Егер заңсыз ықпал ету немесе матч нәтижесін манипуляциялау фактілері расталса, ҚФФ қолданыстағы регламенттер мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шара қабылдайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ федерация өз құзыреті шегінде тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізетінін атап өтті.
ҚФФ спорттық жарыстарды манипуляциялаудың аса ауыр түрлері үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында Қазақстан заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.
Федерация жарыстардың адалдығы, төрешілердің тәуелсіздігі және жанкүйерлердің сенімі Қазақстан футболының негізгі қағидаттары болып қала беретінін мәлімдеді.
ҚФФ футбол алаңынан тыс жолмен спорттық нәтижеге ықпал етуге бағытталған кез келген әрекеттің жолын кесуді жалғастыратынын жеткізді.
FONBET-тің барлық жаңа қолданушыларына 50 000-ға дейін сыйлық: https://fnbt.link/8ae9e
21+, «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» РММ 31.08.2021 жылы берген № 21025302 лицензиясы негізінде әрекет етеді.