Алматылық «Қайрат» капитаны Александр Мартынович Португалия құрамасы сапында Еуропа чемпионы атанған Луиш Нанидің «Ақтөбеге» ауысуына қатысты пікір білдіріп, Қазақстан чемпионатындағы өзекті мәселелерді де атап өтті, деп хабарлайды Championat.com.
«Нани — кез келген жағдайда профессор. Доппен әлі де жаман емес. Бірақ қазіргі футболда көп жүгіру, қорғаушылардың артына ашылу керек. Менің ойымша, ол Қазақстанға әлі бейімделіп жатыр. Оған қиын болады деп қорқамын — лига өте ерекше.
Мен бұны бірінші болып айтып отырған жоқпын деп ойлаймын. Қазақстан чемпионатындағы ең үлкен мәселе — инфрақұрылым. Бұған аз адам назар аударады. Бүкіл лигада төрт-бес қана дұрыс стадион бар. Қалғандары көп сұрақ тудырады. Мүмкін, клубтарға жеке инвесторлар келгеннен кейін бұл өзгерер. Мысалы, «Ақтөбе» — жанкүйерлері өте көп клуб, олар командамен бірге барлық сырт алаңдағы ойындарға да барады. «Қайратпен» Алматыдағы матчқа жеті мың адам келді! Қала командасын қатты жақсы көреді. Бірақ соған қарамастан, «Ақтөбе» Астанада жаттығады, өз стадионында ойнамайды. Өткен маусымда олар тіпті қандай да бір мектеп стадионында ойнады. Жаңа чемпионатқа ол стадион да рұқсат алмаған.
Егер сен айына 100 мың доллар Наниға төлеп отырсаң, өз стадионыңа алаң төсеп, шағын трибуна жасап, командаңның өз үйінде жаттығып, ойнауына жағдай жасай алмайсың ба?
Тағы бір жағдай. Бір ойында 1:0 немесе 2:0 есебімен жеңіске жетеді, инвестор киім ауыстыратын бөлмеге келіп: «Бұдан былай жаңа ереже — жеңіс голын соққан ойыншыға 1 миллион теңге бонус» (шамамен 2000 доллар). Ал қақпасын голсыз сақтаған қақпашыға да сонша беріледі дейді. Футболға ақша құйып, оны жақсы көргені қуантады. Бірақ олардың жанында футболдың ерекшелігін түсіндіретін кәсіби мамандар болуы керек. Инвесторға футбол — командалық ойын екенін түсіндіру қажет. Қақпашының «құрғақ ойын» өткізуі үшін қорғаушылар мен жартылай қорғаушылар үлкен жұмыс атқарады. Осындай нәрселерді көріп, кейде таңғаласың. Басқа мысалдар да бар», — деді Мартынович.