– Тидиан, «Ордабасыға» қош келдіңіз. Жаңа елге бейімделіп үлгердіңіз бе және мұнда сізді не таңғалдырды?
– Рақмет, бейімделу үрдісі өте жақсы өтті. Санаулы күннің ішінде клубтағы адамдар өз үйімде жүргендей әсер сыйлады. Спорттық жағына келетін болсақ, бапкерлер штабы маған мүмкіндігінше тезірек бабыма келуіме көмектесіп жатыр.
Әзірге ең жарқын естелік – әуежайда жанкүйерлердің күтіп алғаны. Мені бұған дейін еш жерде бұлай қарсы алмаған еді, сондықтан бәріне алғысымды білдіремін. Мұндай ықылас «Ордабасының» қаншалықты үлкен клуб екенін көрсетеді.
Күнделікті өмірде адамдар өте қонақжай әрі мейірімді. Маған сіздердің мәдениеттеріңіз қатты ұнайды: амандасу, танысу және бір-біріне бауырдай қарау.
– «Тулуза» түлегі ретінде өз қатарластарыңызды «қарғыс атқандай» сезінетініңізді айтқан едіңіз. Негізгі құрамға өтуіңізге не кедергі болды деп ойлайсыз?
– Жағдайды дұрыс бағалау мен суыққандылық жетіспеді. Алаңда қайсарлық танытып, алға ұмтылу керек сәттерде мен тым баяу болдым. Маған жиі: «Тидиан, сен тым мейірімдісің», – дейтін. Дегенмен, ұмытылмас сәттерді бастан өткерген туған клубымды әрдайым жақсылықпен еске аламын.
Факт: Ол жылдары Францияның оңтүстігінде ойнайтын клубта Мусса Сиссоко, Этьен Капу және Франк Табану болды. Кейін үшеуі де АПЛ клубтарымен келісімшартқа отырды.
– Бес жыл ішінде сіз әуесқой деңгейдегі «Альби» клубынан Лига 2-ге дейінгі жолды жүріп өттіңіз. Мансабыңызда қандай қиындықтар болды және бұл кезең сізді неге үйретті?
– Жаратқанға шүкір, бұл кезең менің тұлға ретінде қалыптасуым үшін өте қажет болды. Академияда бізді ханзадалардай мәпеледі, ал кейін өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келуге тура келді.
Ең үлкен қиындық – жол жүру еді. Менің Division d’Honneur-дағы (аймақтық лига – ред. ескертпесі) алғашқы клубым үйімнен бір жарым сағаттық жерде орналасты. Түн ортасында үйге оралып, таңғы 6:30-да университетке баратынмын.
Осылайша, футболды кәдімгі жұмыспен қатар алып жүрген және жаттығуға әрең жететін ересек ер адамдардың ортасына тап болдым. Бірақ алаңдар жаман емес еді – тек қыста кей жерлерде көгалдар қатты тозатын.
Сол уақытта маған дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, футболдан сауатымды ашқан адамды жолықтырдым, сондықтан бұл кезеңді кәсіби спортқа жол ашқан шешуші сәт деп атар едім. Қуанышқа орай, ол әлі күнге дейін маған қолдау көрсетіп, мансабыма септігін тигізіп келеді.
– «Дюнкеркте» сіздің командаласыңыз қазіргі әлем чемпионатының басты жаңалығы болған мароккалық Жессим Яссин еді. Ол алғашқы күннен-ақ ерекшеленді ме және «Ордабасы» жастарынан осындай талантты жанды көрдіңіз бе?
– Жесс – нағыз тума талант. Аяқпен керемет жұмыс істейтін және өте епті, тамаша дриблер. «Дюнкерктегі» екінші жаттығудан кейін-ақ: «Бұл жігіттің бойында бір ерекшелік бар», – дегенім есімде. Қызығы сол, мұнда Әмірді көргенде де тура осындай ойға келдім.
Жасұлан – физикалық тұрғыдан жақсы жетілген, қазірдің өзінде нәтижелі ойнап жүрген футболшы. Бірақ Яссин екеуін жауынгерлік мінез бен қарапайымдылық біріктіреді. Осындай қасиеттердің арқасында сыртқы факторларға алаңдамай, үнемі прогресс жасауға болады.
Шынымды айтсам, олардың әлеуетінің шегі қандай екенін де білмеймін. Меніңше, оның шегі жоқ сияқты.
FONBET-тің барлық жаңа қолданушыларына 50 000-ға дейін сыйлық: https://fnbt.link/8ae9e
21+, «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» РММ 31.08.2021 жылы берген № 21025302 лицензиясы негізінде әрекет етеді.