Стивен Джеррард 45 жасында ата атанды — қызы қылмыстық топ мүшесінің ұлынан перзент сүйді

Стивен Джеррард 45 жасында ата атанды — қызы қылмыстық топ мүшесінің ұлынан перзент сүйді
ашық дереккөзден

Ағылшын футболының аңызы, бұрынғы «Ливерпуль» капитаны Стивен Джеррард 45 жасында алғаш рет ата болды. Оның 21 жастағы қызы Лилли-Элла қыз босанды.

Лилли Instagram парақшасына сүйіктісі Ли Бирн нәрестені бесікпен ұстап тұрған фотосын жариялап, астына: «Бұрын екеу едік, енді үшеуміз» деп жазған. Ал Джеррард бұл жаңалыққа: «Керемет жаңалық! Құттықтаймыз, сені жақсы көреміз» деп пікір қалдырған.

Ли Бирн — Ирландияда ұйымдасқан қылмыстық топтардың біріне қатысы бар Лиам Бирннің ұлы. 2023 жылы Лиам заңсыз қару сақтау ісі бойынша бес жылға сотталып, қазір Лондондағы Белмарш түрмесінде отыр. Оның отбасы Ирландиядағы ең ықпалды қылмыстық кланның бірі ретінде белгілі.

Дегенмен, Ли Бирннің өзі қылмыстық әрекеттерге тартылмаған. Ол Лилли-Элламен 2022 жылдың қазан айынан бері ресми қарым-қатынаста.