Чемпиондар лигасы: «Қайрат» келесі кезеңге жолдама алды

Чемпиондар лигасы: «Қайрат» келесі кезеңге жолдама алды
ашық дереккөзден

Алғашқы ойын 8 шілдеде Люблянада өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталған болатын.

Алматыда өткен Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің жауапты ойынында «Қайрат» өз алаңында Словенияның «Олимпия» клубын 2:0 есебімен жеңіп, қос кездесу нәтижесінде келесі раундқа өтті.

Кездесу аса қарқынды басталды. Матчтың небәрі 5-минутында Луиш Мата берген дәл пасқа Жоржиньо бірінші болып жетіп, баспен қақпаны дәл көздеді – 1:0.

Араға көп уақыт салмай, Жоржиньо бұл жолы нәтижелі паспен көзге түсті. Оның пасынан кейін Александр Мрынский қақпашымен жеке шығып, есепті еселей түсті – 2:0.

Екінші таймда Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері қорғанысқа мән беріп, есепті сақтап қалуға тырысты. Қонақтар допқа көбірек иелік еткенімен (56 пайыз), қауіпті сәттер жасай алмады.

Матч статистикасы:
– соққылар: 7–6 (пайдасына «Қайрат»)
– қақпаға тура соққылар: 2–0
– бұрыштамалар: 2–4

Алғашқы ойын 8 шілдеде Люблянада өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Жалпы есеп: 3:1 — «Қайраттың» пайдасында.

Енді алматылық клуб келесі кезеңде «Милсами» (Молдова) – КуПС (Финляндия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.