Жауапты матч 17 шілде күні Ақтөбедегі Орталық стадионда өтеді.
Польшаның «Легия» командасы Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде қазақстандық «Ақтөбені» 1:0 есебімен жеңгенімен, ойыннан кейін команданың капитаны Бартош Капустка нәтижеге көңілі толмағанын айтты.
— Әрине, біз жеңісті қалаймыз, әрі ірі есеппен жеңгіміз келген. Алайда тек 1:0 есебімен шектелдік. Бұл ойыннан жақсы нәтиже күткен едік, сондықтан толық қанағат жоқ. Алдағы кездесулерде ойынымыз жақсарады деп сенемін. Бұл тек алғашқы матч. Маусым ұзақ болады, көп матчтар алда. Құрам мен ойын мәнері біртіндеп қалыптасады. Біз жаңа деңгейге шығу үшін бар күшімізді салуымыз керек, — деді Капустка Legia.net сайтына берген сұхбатында.
Жеңіс голының авторы Ваган Бичахчян да команданың бұдан да жақсы ойнауға мүмкіндігі болғанын мойындады:
— Біз бұдан да артыққа қабілеттіміз. Есепті 2:0, тіпті 3:0 етуге болар еді. Бірақ бастысы — жеңіске жеттік. Алда жауапты матч бар, бәрі Ақтөбедегі ойында шешіледі. Команда ойыны күн санап жақсарып келеді, өз-өзіне сенімі артты. Менің голым? Бұл — туған күніме тиген ең керемет сыйлық! Маусымның алғашқы ойыны, жеңіс және көптен күткен гол — мен бақыттымын, — деді жартылай қорғаушы.
Еске салайық, жауапты матч 17 шілде күні Ақтөбедегі Орталық стадионда өтеді