Қазақ футболшыларының жалақысы үш есе өседі — жаңа заң отандық ойыншыларға тиімді болмақ

Қазақ футболшыларының жалақысы үш есе өседі — жаңа заң отандық ойыншыларға тиімді болмақ
ҚФФ

Қазақстандық футболшылардың қаржылық жағдайы алдағы жылдары айтарлықтай жақсарады. Бұл туралы комментатор Ермұхамед Мәулен «Aladop» YouTube арнасына берген шолуында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа заң бойынша, шетелдік легионерлерге мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар есебінен жалақы төлеуге тыйым салынады. Бұл талап клубтар үшін қосымша қаржылық жүк болғандықтан, отандық ойыншыларға деген сұраныс артып, олардың жалақысы едәуір өседі.

— Қазір жергілікті футболшылардың орташа айлығы 1,8–2,2 миллион теңге шамасында. Бірақ 2026 жылдың ақпанынан бастап жалақы мөлшері 6–7 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл — қазақ футболшылары үшін нағыз жаңа дәуірдің бастауы, — дейді Мәулен.

«Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, шетелдік футболшыларға мемлекеттік бюджеттен немесе квазимемлекеттік сектор арқылы жалақы төлеуге қатаң тыйым салынады.