«Ордабасы» клубының президенті Дархан Қызайбаев Шымкентте соғылып жатқан жаңа стадионның маңына футбол қалашығын салуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Академияны да, жаттығу базасын да, қонақүйді де жаңа стадионның маңына топтастырып, футбол қалашығын салуды көздеп отырмыз. Ол жерді «Орда City» деп атаймыз. Шымкентте 1,5 миллион адам тұрғанымен, 20 мың ғана адам футболмен айналысады екен. Егер алдағы екі-үш жылда бұл көрсеткішті екі есеге арттырсақ, онда жаңа есімдер, талантты ойыншылар пайда болады», – деді Қызайбаев «Бірінші бол» ютуб-арнасына берген сұхбатында.
Дархан мырза инфрақұрылымды дамытқан соң ғана танымал ойыншыларды шақыратынын мәлімдеді:
Қазақстанға Виктор Мозес, Луиш Нани секілді танымал футболшылар келіп жатыр. Мұның жақсы және жаман жағы да бар. Нанидің Instagram парақшасында әжептеуір оқырманы бар. Арыс халқы үшін Нанидің келгені үлкен абырой, бірақ ол сол жақтағы суреттерін әлеуметтік желіге салып жіберсе, Еуропадағы елдер Қазақстан туралы не ойлайды? Біз алдымен инфрақұрылымды реттеп алып, содан кейін ғана «Ордабасыға» танымал футболшыларды шақыра бастаймыз».
Шымкент қаласында 35 мың адамға арналған су жаңа стадион бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2028 жылы аяқталады деген жоспар бар.