Қазақстан футболының сыншысы, ұлттық құраманың баспасөз хатшысы және белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен елден кететінін хабарлады
Бұл жайлы ол FonTeam подкастында айтып берді.
«Иә, маған шынымен қоңырау шалды. Тек қоңырау емес, нақты ескерту жасалды. Ашық түрде тоқтау қажет екенін білдірді. Екі аптадай үнсіз жүремін», – деді ол.
"Қазақстанда қалудың мәні қалмады"
Журналист бұл шешімнің артында – жоғары жақтан түскен қысым мен психологиялық жүктеме тұрғанын айтты. Ол футбол маусымынан кейін Еуропаға көшуді жоспарлап отыр.
«Қазір мен үшін Қазақстанда қалудың, өмір сүрудің еш мәні қалмады. Шетелге көшу туралы шешім қабылдадым. YouTube арнамда бұл туралы толық мәлімдеме жасаймын», – деді Мәулен.
Сонымен қатар, ол өзіне қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізді.
Медиакеңістіктегі еркіндік шегі қайда?
Мәулен — Қазақстан футболындағы мәселелерді ашық сынап, ұлттық құраманың ойынына қатысты өткір пікір білдіріп жүрген сирек мамандардың бірі. Оның кетуі — спорттық журналистикадағы пікір алуандығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Бұл оқиға спорт медиа саласындағы сөз бостандығы, кәсіби сын және жүйелі реформа мәселелерін қайта көтеріп отыр.