Жақын матчтар
Әйелдер құрамасының бас бапкері Ирландиядан 0:12 есебімен жеңілу себебін түсіндірді
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Бегайым Қырғызбаева 2027 жылғы әлем чемпионаты іріктеуінің алғашқы кезеңіндегі плей-офф матчында Ирландиядан жеңілгеннен кейін ойынға баға берді.
Оның айтуынша, қазақстандық футболшылар бірінші таймның басым бөлігінде қарсыласты тежегенімен, үзіліс алдындағы голдан кейін бірнеше қателікке жол берген.
Ирландияның Корк қаласында өткен қарымта кездесу алаң иелерінің 4:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Алғашқы матчта да Қазақстан құрамасы Астанада 0:8 есебімен жеңілген еді. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша ирландиялықтар 12:0 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге өтті.
«Бүгін 0:4 есебімен жеңілдік. Бірінші таймның көп бөлігінде қарсыласты тежеп, ұйымдасқан түрде ойнауға тырыстық. Алайда үзіліс алдында гол жіберіп алдық. Бұл біз үшін ауыр сәт болды. Осындай жағдайлар ойынның соңына дейін зейінді жоғалтпау керектігін көрсетеді. Екінші таймда бірнеше қателік жібердік, ал қарсыласымыз оны тиімді пайдаланды. Мұндай деңгейде ойнайтын командалар мұндай қателіктерді кешірмейді», – деді Бегайым Қырғызбаева.
Бас бапкер Қазақстан құрамасының іріктеудің топтық кезеңінен өтіп, плей-оффқа жолдама алғанын да атап өтті. Оның сөзінше, 21 ұлттық әйелдер құрамасы арасынан келесі кезеңге шығу мүмкіндігіне ие болу команда үшін маңызды нәтиже болған.
Қырғызбаева Ирландиядағы матч кезінде жанкүйерлердің қолдауына да назар аударды. Ол алаң иелерінің жанкүйерлеріне және Қазақстан құрамасын қолдауға келген көрермендерге алғыс айтты.
Қазақстан құрамасының бас бапкері екі команда арасындағы деңгей айырмашылығын да жасырмады. Оның айтуынша, Ирландия әйелдер құрамасы Ұлттар лигасының А дивизионында ойнаса, Қазақстан С дивизионында өнер көрсетеді. Сонымен қатар ФИФА рейтингінде Ирландия 21-орында, ал Қазақстан 98-сатыда тұр.
«Жалпы, екі командамыздың арасында үлкен айырмашылық бар. Ирландия А лигасында, ал біз С лигасында ойнаймыз. Қарсыласымыз рейтингте 21-орында, біз 98-орындамыз. Арамызда 77 орын айырмашылық бар. Даму үшін осындай командалармен ойнауымыз керек», – деді маман.
Қазақстан әйелдер құрамасы іріктеудің плей-офф кезеңіне шыққанымен, Ирландиямен екі матчта да жеңіліп, әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігінен айырылды.
21+, «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» РММ 31.08.2021 жылы берген № 21025302 лицензиясы негізінде әрекет етеді.
Пікірлер (0)
Ең сенімді букмекер
нұсқасы бойынша
Толығырақ