Жақын матчтар
"Астанаға" жаңа инвестор қашан келеді? Клуб басшысы жағдайды түсіндірді
"Астана" ФК директорлар кеңесінің төрағасы Саян Хамитжанов жаңа инвестордың келуіне қатысты нақты мерзімді атауға әлі ерте екенін мәлімдеді.
"Қол қусырып отырғанымыз жоқ"
Клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Хамитжанов қаржылық қиындықтарға қарамастан, командаға қолдау көрсетіп жүрген жанкүйерлерге алғыс айтты.
Ол жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс үздіксіз жүргізіліп жатқанын жеткізді. Дегенмен бұрыннан жиналған міндеттемелерді орындау, күнделікті шығындарды қамтамасыз ету және клубтың болашағын жоспарлау қатар шешуді қажет етеді.
"Біз қол қусырып отырғанымыз жоқ. Қазіргі мәселелердің шешімін үнемі іздеп келеміз. Негізгі міндетіміз — "Астана" ішіндегі барлық үдерісті еуропалық деңгейдегі ірі клубқа сай жолға қою", — деді Хамитжанов.
Басшының сөзінше, мақсат жекелеген берешекті өтеумен шектелмейді. Клуб алдағы уақытта тұрақты жұмыс істеп, дамуға мүмкіндік беретін жүйе құруды көздейді.
Әлеуетті инвесторға барлық ақпарат берілген
Хамитжановтың айтуынша, ықтимал инвесторға "Астананың" қаржылық жағдайы, спорттық әлеуеті, міндеттемелері мен даму мүмкіндіктері туралы толық мәлімет ұсынылған.
Клуб тарапы келіссөздердің сәтті әрі мүмкіндігінше жылдам аяқталуына мүдделі. Дегенмен инвестордың келуі басқарудағы өзгеріспен ғана шектелмеуге тиіс.
"Астана" басшылығы жаңа кезеңде мына бағыттарға басымдық беруді жоспарлап отыр:
- түсінікті басқару жүйесін қалыптастыру;
- қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету;
- ұзақ мерзімді стратегия әзірлеу;
- Қазақстанда және еурокубоктарда жоғары мақсаттар қою.
Хамитжанов түпкілікті шешімдер рәсімделмейінше, нақты мерзімді жариялауды дұрыс санамайтынын айтты.
Инвестор табылғаны былтыр хабарланған
"Астананы" жеке басқаруға беру мәселесі 2025 жылғы 30 желтоқсанда Үкіметтегі брифингте көтерілген. Сол кезде туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов клубты коммерцияландыру 2026 жылға жоспарланғанын және инвестор табылғанын мәлімдеген.
Министр рәсім аяқталғанға дейін инвестордың атын жариялау мүмкін емес екенін айтқан.
"Астанаға" қанша қаржы бөлінді?
Sport Qory қорының мәліметіне сәйкес, 2026 жылы клубқа 3 миллиард теңге қайырымдылық көмек берілген.
2021–2026 жылдары "Астананы" дамытуға қор арқылы шамамен 32,7 миллиард теңге бағытталған. Осы кезеңде клуб УЕФА желісі бойынша тағы 7 миллиардқа жуық теңге алған.
Осылайша аталған екі көзден клубқа түскен қаржының жалпы көлемі шамамен 39,7 миллиард теңгеге жеткен.
Соған қарамастан "Астана" соңғы бір жылда қаржылық қиындықтарға тап болғанын бірнеше рет мәлімдеді. Клуб футболшыларға жалақы бойынша берешегі бар екенін де растаған.
"Астананың" чемпиондыққа таласы қиындады
"Астана" — Қазақстанның жеті дүркін чемпионы және ел кубогының үш дүркін иегері. Сонымен қатар елордалық ұжым Қазақстан клубтары арасында алғаш болып Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсеткен.
Бірақ команда соңғы үш маусымда чемпиондық атақты қайтара алмады. 2023 жылы "Ордабасы", ал 2024 және 2025 жылдары "Қайрат"алтын медаль жеңіп алды.Қазіргі маусымда "Астана" үшінші орында келеді және чемпион атану мүмкіндігі айтарлықтай азайған.
21+, «Domina Fortuna (Домина Фортуна)» ЖШС Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті» РММ 31.08.2021 жылы берген № 21025302 лицензиясы негізінде әрекет етеді.