«Барселонаның» бас бапкері Ханси Флик маусым алдындағы жиын басталғанға дейін құрамды жеңілдеткісі келеді.
Испаниялық El Nacional басылымының мәліметінше, неміс маман команданың жүйесіне сәйкес келмейтін төрт футболшымен қош айтысуға ниетті. Олар — Ансу Фати, Ориоль Ромеу, Пабло Торре және Иньяки Пенья.
Флик ең алдымен жарақаты жиілеген және жалақысы жоғары Ансу Фатиден құтылуды көздейді. Оны «Монакоға» жалға беру мәселесі шешіліп тұрғанымен, тараптар қаржылық шарттарда келісе алмады. Француздар футболшының еңбекақысының көп бөлігін төлеуден бас тартты, ал «Барселона» қалғанын өтеуге қарсы. Десе де, ойыншыға бірнеше клуб қызығушылық танытып отыр.
Ориоль Ромеу Фликтің қарқынды әрі мобильді футбол философиясына сай келмейді. Сондықтан клуб оны сату нұсқасын қарастыруда. Қазірше ресми ұсыныс жоқ, бірақ Ла Лига немесе басқа еуропалық командалар тарапынан қызығушылық болады деген үміт бар.
Жас жартылай қорғаушы Пабло Торре сатылмайды, алайда оған ойын тәжірибесі керек болғандықтан, уақытша жалға берілмек. Қазір «Вильярреалмен» келіссөздер жүріп жатыр, жақын күндері мәміле аяқталуы мүмкін.
Қақпашы Иньяки Пенья үшін де жағдай оңай емес. Жоан Гарсияның келуі және тер Стегеннің командада қалуы — оның алаңға шығу мүмкіндігін шектейді. Сол себепті «Барса» қақпашыны трансферге шығарды.
Ханси Флик ашық түрде: «Барселонада» жаңа кезең басталуы керек екенін мәлімдеді. Сол үшін ол артық ойыншылардан арылып, толыққанды жасақталған, амбициясы жоғары командамен шілде айында жаттығуды бастағысы келеді. Ал клуб басшылығы оған қажетті жағдайды жасап жатыр.