Лионель Месси мен "Арсенал"? Бұл әзіл емес – британдық танымал радиожүргізуші Энди Голдстейн дәл осындай пікір айтты.
Оның ойынша, аргентиналық аңыз ойыншы лондондық клубқа Премьер-лигада көптен күткен чемпиондықты алып келер еді.
Қазір «Интер Майами» сапында өнер көрсетіп жүрген Месси жоғары деңгейдегі ойынымен әлі де тәнті етуде. Жақында ғана Клубтық әлем чемпионатында «Порту» қақпасына айып добынан әдемі гол соғып, командасына жеңіс сыйлады (2:1).
«Егер Месси "Арсеналдың" шабуыл шебінде ойнаса, олар Премьер-лиганы жеңіп алар еді. Мен бұл сөзіме шын сенемін. Қазіргі команданың әлсіз тұсы – нағыз орталық шабуылшының жоқтығы. Кай Хаверц бұл мәселені шешіп тұрған жоқ», – деді Голдстейн talkSPORT эфирінде.
Ал эфирдегі серіктесі, бұрынғы қорғаушы Джейсон Канди бұл пікірге күмәнмен қарады. Оның ойынша, Месси кез келген АПЛ клубының негізгі құрамына бірден ілігуі екіталай.
Соған қарамастан, Голдстейн өз ұстанымында қалды:
«Иә, Месси — дәстүрлі "тоғыздық" емес. Бірақ ол бұл рөлді де алып кете алады. Егер ол "Арсеналға" ауысса, команда чемпион болар еді», – деп қосты ол.
Канди өз кезегінде Мессидің АПЛ-да ойнамай кеткеніне өкінетін шығар деген пікір айтты. Ол аргентиналық жұлдыздың кезінде «Манчестер Сити» немесе «Челсиге» ауысу мүмкіндігі болғанын, бірақ соның орнына "көрермен үшін қызықсыз нұсқа – ПСЖ-ны таңдағанын" айтты.