Дастан Сатпаевтың нарықтағы құны өзбек футболшыларының алдын орады

Дастан Сатпаевтың нарықтағы құны өзбек футболшыларының алдын орады
фото: КФФ

Өзбекстандық Upl.uz сайты «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сатпаевтың трансферлік құнының өсуіне назар аударды.

16 жастағы шабуылшының бағасы жақында 1,3 миллион еуроға (шамамен 770 млн теңге) артқан. Қазір оның нарықтағы құны — 1,8 млн еуро деп көрсетілген.

«Бұл өзгеріс оның рейтингтегі орнын едәуір көтерді. Сатпаев өзбек футболының екі өкілін — Акмал Мозговой мен Абдувохид Нематовты артта қалдырды. Екеуі де «Насаф» клубында ойнайды, ал олардың әрқайсысының құны 1,5 млн еуро көлемінде», – деп жазады Upl.uz.

Осылайша, Transfermarkt дерегінше, Сатпаев қазір Орталық Азиядағы ең қымбат жас ойыншылардың бірі саналады.

Атап өтсек, биылғы маусымда Сатпаев ҚПЛ-да 13 матч өткізіп, 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген. Ол қазіргі таңда лигадағы ең үздік сұрмерген саналып отыр. Екінші орында — «Астана» шабуылшысы Марин Томасов (7 гол).